КІТАПХАНА ТАРИХЫ

Қазақ ұлттық өнер университеті – Қазақстан Республикасы аумағындағы кәсіби мамандарды дайындауға бірыңғай үздіксіз кешенді білім беру жүйесіне біріктірілген жоғары оқу орны.

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен ашылған Қазақ ұлттық музыка академиясы негізінде құрылды. Оқу орнының базасы Ақмола қаласының (бұрынғы Целиноград) өнер колледжі мен №1 балалар музыка мектебі болды. Республикамыздың жас Астанасында жоғары музыка оқу орнын ашу идеясы ел Президенті Н.Ә. Назарбаевқа тиесілі. Жаңа шығармашылық жоғары оқу орнының басты міндеті – кең-байтақ еліміздің руханиятына жоғары кәсіби деңгейде қызмет ете алатын кадрлар тәрбиелеу, елорданың музыкалық инфроқұрылымын қалыптастыру және Қазақстандағы рухани өмірдің серпінді дамуына мүмкіндіктер ашу.

Білім шаңырағының Ақпараттық-кітапхана қызметі 1998 жылы Ақмола музыкалық колледжі мен музыка мектебінің шағын кітапханасынан басталды. Бастапқы кітап қоры 42 270 дананы құрады. Ал, қазіргі кезеңде кітап қоры 200 000 данадан асады, оның негізгі бөлігін ноталық және мамандықтар бойынша басылымдарды құрайды. 2011 жылы кітапханалық библиографиялық үрдістерді автоматтандыру жүйесі жаңа «КАБИС» бағдарламасының негізінде жүргізілді. Ал, 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап кітапханалық-библиографиялық процесстер «ИРБИС 64» автоматтандырылған кітапхана жүйесіне ауыстырылды. Кітапхананың кез-келген компьютерінен Электронды каталог және  толықмәтінді электронды дерекқорға қолжетімділік жергілікті деңгейде ИРБИС ақпараттық кітапханасының веб-интерфейсі арқылы жүргізіледі.

Қазақстанның білім және мәдениет кеңістігіндегі жетекші жоғары оқу орындарының кітапханасы ретінде өзіндік міндеті, құндылықтары мен көзқарасы бар.

Ақпараттық-кітапхана қызметінің миссиясы:

  • кітапхананың ғылыми қорын сақтау, басқару және қамтамасыз ету;
  • пайдаланушыларды қажетті ресурстармен қамтамасыз ету;
  • сапалы кітапханалық қызмет көрсету жүйесін қалыптастыру

Университет кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласының ең көрікті аудандарында орналасқан: Тәуелсіздік даңғылы 50 – университет кітапханасы және Жеңіс даңғылы 33 – колледж кітапханасы.

Университет ғимараты жоғары буын студенттеріне, магистранттар мен докторанттарға, профессорлық-оқытушылық құрамға (ПОҚ) қызмет көрсетуге арналған. Кітапханалық, библиографиялық және ақпараттық қызмет көрсету 11 пунктте жүзеге асырылады: абонемент, оқу залдары, ғылыми әдебиет залы, сирек және құнды кітаптар залы, каталогтар залы, мерзімді басылымдар залы және медиатека. Студенттер, оқытушылар және ғылыми қызметкерлер қажетті оқу, ғылыми, көркем және анықтамалық әдебиеттерді, сондай-ақ XIX-ХХ ғғ. көне, сирек кездесетін және құнды басылымдарға әлемдік классикалық музыканың, опералардың, халық музыкасының, джаздың, музыка мен киноның бірегей басылымдарын кеңінен қолданып, рефераттар, диссертациялар, курстық, дипломдық және ғылыми жұмыстар жазу кезінде білікті кеңес алу мүмкіндігіне ие.

Кітапханада музыканттарды алғашқы қадамынан бастап жоғары кәсіби деңгейге жеткізу идеясын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалған. Кітапхана бөлмелері шығармаларды ойнауға және тыңдауға арналған аспаптармен, бейнетаспамен, фильмдерді көруге арналған теледидарлармен жабдықталған.

Колледжде абонемент, медиатека және компьютермен жабдықталған ортақ оқу залы   жұмыс істейді. Бүгінгі күні кітапхананың компьютерлік паркінің құрамында 55 компьютер Интернет желісіне қосылған, мультимедиа қоры, жергілікті компьютерлік желі, сканерлер, принтерлер, көшірме аппараттары бар.

Кітапханада инновациялық, заманауи AБИС «ИРБИС 64» енгізілді, бұл кітапхананың барлық өндірістік процестерін автоматтандыруға мүмкіндік берді: қорды жинақтау және кітаппен қамтамасыз ету, мәліметтер базасын құру және жүргізу, оқырмандарға онлайн қызмет көрсету және сол сияқты толықмәтінді базалық мәліметтерді және 1687-ден астам құжатты нөмірлеуді қамтамасыз ететін университеттің Электрондық кітапханасын қалыптастырады және дамытады.

Пайдаланушылар отандық және әлемдік деректер қорларында Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана (ҚазҰЭК), Республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхана (РЖЭК), Web of Science (Thomson Reuters), Scopus, Springer Link, Science  Direct қорларына шектеусіз қол жеткізуде.

Кітапхана қызметкерлері мәліметтер қорын пайдалану бойынша үнемі  кеңестер беріп тұрады.