КІТАПХАНАҒА СЫЙ

12

Университетіміздің «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, өнертану ғылымдарының кандидаты, зерттеуші Байбек Айгүл Қыдырғалиқызы қазақ және орыс тілінде жарық көрген  «Заманауи музыкалық білім беру жүйесінде ән дәстүрін трансляциялау», «Трансляция песенной традиции в современном обучении профессиональных музыкантов» атты оқу құралдарының және «Песенный канон и индивидуальные стили устно-профессиональной лирики Арки в контексте творчества Біржан сала, Ақан сері и Үкілі Ыбырая»  монографиясын кітапханаға сыйға тарту етті. Автордың бұл кітапханаға тартқан алғашқы сыйы емес, автор 2019 жылы кітапханаға өзінің жеке кітапханасынан оқу үрдісіне өте қажет, құнды 57 атау, 63 дана кітап сыйға тарту еткен болатын. Бұл кітаптардың барлығы техникалық және ғылыми өңдеуден өтіп кітапханамыздың абонемент және оқу залдарына таратылды.

Үстіміздегі жылдың 22-ші қазанында Университет деңгейінде Байбек Айгүл Қыдырғалиқызының жоғарыда атап өткен еңбектерінің тұсаукесер рәсімі өтті. Тұсаукесер рәсіміне Университет оқытушылары, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, студенттер, магистранттар қатысты. Айгүл Қыдырғалиқызы өнер саласындағы жетекші жоғары оқу орындары – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Қазақ ұлттық өнер университетіндегі атқарған көп жылғы еңбегінің нәтижесі болып табылатын  кітаптарын ұсынды. Автор өзінің оқу құралдарын «Қазақстандағы этносольфеджио» пәнін шығарушылар Бағдәулет Жоқтаевич Амановқа және Асия Ибадуллаевна Мухамбетоваға арнады.

«Заманауи музыкалық білім беру жүйесінде ән дәстүрін трансляциялау» оқу құралы дәстүрлі ән материалы негізінде «Этносольфеджио» курсын дамытуға, оның заманауи кәсіби музыканттарды дайындаудағы практикалық даму ерекшеліктеріне арналған. Әдістемелік құрал «Этносольфеджио» мамандығы бойынша музыкалық-теориялық пәндер оқытушыларының бейімделуіне бағытталған. Оқу құралы сонымен қатар «Этносольфеджио» курсының теориялық негіздері мен практикалық ұсыныстарын ұсынады.

«Песенный канон и индивидуальные стили устно-профессиональной лирики Арки в контексте творчества Біржан сала, Ақан сері и Үкілі Ыбырая» монографиясы Арқаның ХІХ ғасырдағы кәсіби ән дәстүрінің  қайталанбас тұлғалары – Біржан Сал, Ақан сері мен Үкілі Ыбырайға арналған. Бұл ғылыми жұмыс автордың 2007 жылы жазған “Этносольфеджио контекстіндегі Арқаның ән стилі” атты кандидаттық диссертациялық зерттеуі негізінде жасалды. А. Қ. Байбектің монографиясы мен оқу-әдістемелік құралында өңірлік стильдерді жаңғыртудың әдіс-тәсілдері, А.Затаевичтің сөзсіз нотаға түсірілген көптеген әндерін қайта жаңғырту, сондай-ақ белгілі әндер мен күйлер негізінде импровизациялау әдістері ашылған.

Тұсаукесерге қатысушылар назарына оқытушының әр жылдары түсірген, практикалық мәні зор этносолдьфеджио сабақтарының бірегей бейнероликтері ұсынылды. А. Қ. Байбектің  шығармаларын жоғары және орта арнаулы музыкалық оқу орындарының оқытушылары мен студенттері пайдалана алады.

Шараның модераторы, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Малдыбаева Раушан Сабыржанқызы Айгүл Қыдырғалиқызының Қазақстандағы этносольфеджионы дамытудағы ғылыми зерттеулерінің жоғары құндылығын атап өтті. Тұсаукесер соңында Қазақстанның халық әртісі, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайрат Байбосынов дәстүрлі түрде кітаптардың лентасын қиып, эстафетаны студенттер мен оқытушыларға – болашақ монографиялар мен оқу құралдарының авторларына табыс етті.

Кітапхана қызметкерлері, студенттерге оқу және ғылыми жұмыстарына үлкен көмек көрсететін осындай құнды еңбектермен қордың толықтырылғанына өте қуанышты. Айгүл Қыдырғалиқызына шығармашылық табыс және жемісті зерттеулер тілейміз!