Роза Мұқанованың «Сарра» кітабының тұсаукесері

21

2021 жылғы 17 қарашада жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ф.Кафка атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Роза Мұқанованың «Сарра» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға белгілі мәдениет қайраткерлері, университеттің оқытушылары мен студенттері, жазушы шығармашылығын сүйер қауым қатысты. Осы тұсаукесерге кітапхана қызметкерлері талантты жазушы, драматург Роза Қажығалымқызының шығармашылығын кеңінен таныстырған кеңейтілген көрме дайындады. Көрмеге автордың пьесалары, әңгімелері, энциклопедиялардан, анықтамалықтардан алынған материалдары, жазушының шығармашылығы туралы мақалалар, сұхбаттар, афишалар, сондай-ақ жеке кітапханасынан алынған кітаптар ұсынылды.

“Сарра”драмалық шығармалар жинағы үшін 2020 жылы Роза Мұқановаға Абай атындағы Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. “Сарра” жинағында сыншылардың, оқырмандар мен көрермендердің жоғары бағасына ие болған “Мәңгілік бала бейне”, “Сен”, “Мысықтар патшалығы” атты үздік драматургиялық шығармалар жинақталған. “Мәңгілік бала бейненің” желісі бойынша Прага, Венеция, Ригадағы, сондай-ақ Қытайдағы халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болған “Қызжылаған” фильмі түсірілді. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева:” Бұл тамаша кітапты жариялау – бәріміз үшін, әдеби қоғамдастық пен жалпы қазақ өнері үшін маңызды оқиға”, – деп атап өтті.

Жинақтағы белгілі шығармалармен қатар бұрын жарияланбаған «Сарра», «Фариза» және «Ешкім де кінәлі емес» драмаларын оқуға болады. Барлығы 10 шығарма, оның ішінде «Фариза», «Мысықтың патшалығы» орыс тіліндегі аудармасы және «Ангель с дьявольским лицом» ағылшын тілінде ұсынылған.

Роза Мұқанованың айтуынша, жинаққа ат берген «Сарра» пьесасының идеясы көп жылдар бұрын туған. Жазушыны Ибраһим пайғамбардың сүйікті жары Сарраның оқиғасы қызықтырды. Ал драматург ұзақ жылдардан кейін Сарра бейнесін, Отбасын жалғастырушы Ана бейнесін сомдай алды.

Іс-шараға қатысушыларға танымал әртістердің орындауындағы драматург пьесаларынан монологтар ұсынылды. Роза Қажығалымқызы өзінің шығармашылық жолы, драматург ретінде қалыптасуы туралы әңгімеледі. Тұсаукесер қонақтары Роза Мұқанованың шығармалары қазақстандық театрларда табысты өтіп жатқанын, оларды көрермендер жақсы көретінін атап өтті.

Тұсаукесер сәтті өтті. Іс-шараның тиімділігінің дәлелі, Роза Мұқановамен жүздескеннен кейін «Драма театрының актері», «Музыкалық театр актері», «Өнертану» бөлімдерінің көптеген студенттері кітапханаға келіп, «Сарра» жинағын оқып, драманың керемет әлемімен танысты.

Роза Қажығалымқызына шығармашылық табыс тілейміз!