«ҒАСЫРЛАР АСҚАН ҚАЗЫНА» КІТАБІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

17

2021 жылдың 2 қыркүйегінде ҚазҰӨУ кітапханасында Мұсақожаева Раушан Қожабекқызы мен Біржанова Гүлнахия Исаққызының «Ғасырлар асқан қазына» монографиясының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсауын кесіп, отырысты жүргізген домбыра кафедрасының профессоры, күйші Орынбай Дүйсен.

Монографияның авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы, профессор Раушан Қожабекқызы Мұсақожаева музыкатану ғылымында орныққан ұстанымдар мен ұғымдарды ескере отырып, көп жылдық орындаушылық және педагогтік тәжірибесінің негізінде қалыптасқан көзқарасымен бөліседі. Кітапта қазақ музыка мәдениетінің шығу төркіні, өркендеуі мен шарықтауы; ұлттық музыкалық аспаптардың тарихы: пайда болуы және жоғалуы, қайта туылуы және шарықтау шегі; ұлы музыканттардың шығармалары туралы ақпарат берілген.

Монографияның алғы сөзінде Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Мұсақожаева Айман Қожабекқызы бұл кітап халықтың табиғатына, тұрмысына, салт-дәстүріне және тарихына байланысты ұлттық музыка өнерінің шығу тегін зерттеу болып табылатынын атап өтті.

Кітаптың тең авторы-ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, фольклортанушы Гүлнахия Исаққызы Біржанова зерттеу экспедициялары барысында жиналған материалдарды редакциялап, жүйелендіріп, жариялауға дайындады.

Аудиторияда үлкен қызығушылық тудырған бұл кітап не туралы? Кез келген мәдениетте халық менталитетінің сақталу заңдылығын ескере отырып, музыканың арқауы өмірдің өзі екендігін көрсету. Ұлтты құрып кетуден сақтап қалатын мәдениеті мен ана тілі, екеуі  ажырамас ұғым – ғұмырлық  құндылығымыз. Ұстаздар өз кітабында осы қағиданы жас ұрпаққа жеткізуді жөн көрді.

Монографияда Қазақ ұлттық өнер университетінің тәжірибесі мен оның ұлттық өнерге қосқан елеулі үлесі: ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен симпозиумдар, шеберлік сыныптар мен семинарлар, кәсіби бағдарлы жобалар мен ғылыми экспедициялар, халықаралық конкурстар, шығармашылық марафондар туралы мәлімет алуға болады.

Жаңа кітапты авторлар кітапханаға сыйға тартты, енді студенттер, магистранттар мен оқытушылар кітапхана қабырғасында осы бірегей жұмыспен толығырақ танысуға мүмкіндік алды.

Оқытушыларымызға шығармашылық табыс тілейміз!